Қазақстан Республикасының заңнамасы – белгіленген тәртіппен қабылданған нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы. Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірде «Құқықтық актілер туралы» Заңы күшіне енді. Аталған заң Қазақстан Республикасының құқықтық актілерін әзірлеу тәртібіне байланысты қоғамдық қатынастарды реттейді. Қазақстан Республикасының заң шығару жүйесі Қазақстан Республикасының Конституциясынан, оған сәйкес келетін заңнамалық актілерден, өзге де нормативтік құқықтық актілерден, соның ішінде Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі мен Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотының нормативтік қаулыларынан тұрады.
Заң шығару жүйесінде Қазақстан Респуликасының Конституциясы басты орын алады. Конституция нормалары тікелей әрекет етеді, яғни барлық нормалар тәжірибе жүзінде іске асырылады.
Құқықтық актілер түрлері:
1. Нормативтік құқықтық актілер – барлық субъектіге бағытталған.
2. Нормативтік емес құқықтық актілер – жеке субъектіге бағытталған.
Нормативтік емес құқықтық акт – құқықтық нормаларды қамтымайтын жазбаша ресми құжат. Бұл актілер жеке тұлғалардың құқықтары мен міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған. Ол актілерді өз құзыреті шегінде уәкілетті органдар қабылдайды. Оған: нормативтік құқықтық актілерге ресми түсіндірме беру актілері, жеке-дара қолданылатын құқықтық актілер, мемлекеттік жоспарлау саласындағы құқықтық актілер жатады. Мысалы: сот шешімі, басшылардың бұйрықтары, атқарушы органдардың түсіндірмесі, әкімдердің шешімдері және басқалары.
Нормативтік құқықтық акт – құқықтық нормаларды белгілейтін, өзгертетін, толықтыратын, олардың қолданысын тоқтататын немесе тоқтата тұратын ресми құжат. Мұндай актінің екі түрі бар.
Нормативтік құқықтық акт пен нормативтік емес құқықтық актінің айырмашылықтарына тоқталайық. Сонымен, нормативтік емес құқықтық акт белгілі бір жеке субъектіге бағытталып, нақты жағдайда ғана әрекет етеді. Ал нормативтік құқықтық акт барлық субъектіге бағытталып, бірнеше жағдайда әрекет етеді. Мысалы, соттың шешімі немесе оның үкімі нақты, белгілі бір іске ғана қатысты қолданылса, ал кодекс немесе заң көптеген істе қатар қолданылады.
«Кодекс» ерекше маңызға ие. Кодекс – заңдық және логикалық жағынан тұтас, бір жүйеге келтірілген заң.
Қазіргі уақытта «шоғырландырылған заң» деп аталатын жаңа түсінік қолданылады. Бұл – заңмен көзделген салаларда кешенді сипаттағы қоғамдық қатынастарды реттейтін заң. Шоғырландырылған заң білім және ғылым, тұрғын үй қатынастары, көлік, сәулет саласындағы және т.б. қоғамдық қатынастарды реттеу үшін қабылданады. Нормативтік құқықтық актілер иерархиясына назар аударайық. Иерархия – төменгі буынның жоғары буынға бағыну тәртібі. Сондай-ақ иерархия актілерді жоғары және төмен тұрған деңгейлерге бөледі. Барлық нормативтік құқықттық актілер Қазақстан Республикасының Конституциясына қайшы келмеуі тиіс.
Нормативтік құқықтық актінің құрылымы.
Құқық нормаларын қамтитын азатжол, бөлік, тармақша, тармақ пен бап нормативтік құқықтық актінің негізгі құрылымдық элементтері болып табылады. Көлемі ауқымды нормативтік құқықтық актілердің мазмұны жағынан жақын баптары (тармақтары) тарауларға біріктірілуі мүмкін. Мазмұны жақын бірнеше тарау бөлімдерге, ал бөлімдер нормативтік құқықтық актінің бөліктеріне біріктіріледі. Көлемі үлкен тараулар мен бөлімдер параграфтар мен бөлімшелерге бөлінеді. Кодекстерде ішкі құрылымның басқа да белгілері пайдаланылады.
Орталық атқарушы және өзге де орталық мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволарының, сондай-ақ мәслихаттардың, әкімдіктердің және әкімдердің барлық нормативтік құқықтық актілері Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелуі керек. Мұндай тіркелу олардың күшіне енуінің қажетті шарты болып табылады. Нормативтік құқықтық актілер Қазақстан Республикасының әділет органдарында тіркелуі тиіс. Прокуратура органдары оларды қадағалайды. Егер нормативтік құқықтық актілер әділет органдарында тіркелмесе, онда ол іс жүзінде қолданылмауы керек. Сонымен, заң шығару жүйесі нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы болып табылады. Осы актілердің барлығы мемлекеттің күшімен қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ оны барлық субъектілер орындауға міндетті.
Қосымша ақпарат:
Нормативтік құқықтық актілердің иерархиясы төмендегідей:
1) Қазақстан Республикасының Конституциясы;
2) Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін заңдар;
3) Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары;
4) Қазақстан Республикасының кодекстері;
5) Қазақстан Республикасының шоғырландырылған заңдары;
б) Қазақстан Республикасы Парламентінің және оның Палаталарының нормативтік қаулылары;
7) Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары;
8) Қазақстан Республикасы Үкіметінің нормативтік құқықтық қаулылары;
9) Қазақстан Республикасы министрлерінің және орталық мемлекеттік органдардың, өзге де басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары, Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Қазақстан Республикасы Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық банктің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық қаулылары;
10) орталық мемлекеттік органдардың ведомство басшыларының нормативтік құқықтық бұйрықтары;
11) мәслихаттардың нормативтік құқықтық шешімдері, әкімдіктердің нормативтік құқықтық қаулылары, әкімдердің нормативтік құқықтық шешімдері және тексеру комиссияларының нормативтік құқықтық қаулылары.
Терминдер:
Заңнама жүйесі – мемлекетте қолданылатын нормативтік құқықтық актілердің жиынтығы.
Заң – жоғары заңдық күші бар нормативтік құқықтық акт.